Алыста жүргенде

Өмір туралы

Асыр салған, ойнаған, сайрандаған, Аманбысың туған жер, қайран далам. Ойран санам, күнім жоқ ойланбаған, Жерұйықты өзіңд...

Асыр салған, ойнаған, сайрандаған,
Аманбысың туған жер, қайран далам.
Ойран санам, күнім жоқ ойланбаған,
Жерұйықты өзіңдей қайдан табам.

Қайран далам, жас келіп жанарыма,
Күйіп-жанып сағыныш алауына.
Жұмыр жердің жүргенде бір шетінде,
Жусан исі келеді танауыма.

Жүрек шымшып, жалындап қызған тәнім,
Қызыққаным сен болдың қызғанғаным.
Қырларыңның ойға алдым қызғалдағын,
Қыздарыңның ойға алдым ізгі арманын.
Жүрген жерің сауық пен сайран дерсің,
Сайран дерсің,
Сен оны ойлан дерсің.
Маған салса пәтерді айдан берсін,
Ол өзіңдей бәрібір қайдан болсын.

Қайдан болсын кеңдігі, кеңістігі,
Егістігі,
Жерінің тегістігі,
Ғарышта да,
Тіпті анау Марста да,
Бір жерінен білінер кемістігі.

Жасыл белең желегін желге түрген,
Астықты алқап сыбдырлап, тербетілген,
Құстар үркіп, ұшатын көл бетінен,
Айналайын, гүл далам, келбетіңнен.

Қайдан табам өзіңдей өр өлкені,
Өр өлкені, көгерер ер өркені.
Өркендер ме өзіңсіз өлең тегі,
Көңіл көгі өзіңсіз көлеңкелі.

Қазыналы, малды өлкем, баянды өлкем,
Аңсап жүрмін өзіңді аяулы еркем.
Соны ұқтым бар асыл саяңда екен,
Жақсылықтың бәрі де аяңда екен.

Асыр салған, ойнаған, сайрандаған,
Сағынамын мен сені, қайран далам!
Ойран санам, күнім жоқ ойланбаған,
Жерұйықты өзіңдей қайдан табам?
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026