Алматы

Өмір туралы

Өрт сағыныш кернеп бойды қысады, Албырт көңіл асыға алып ұшады. Аңсап келсем күліп шығып алдымнан, Ашылады Алматымның құ...

Өрт сағыныш кернеп бойды қысады,
Албырт көңіл асыға алып ұшады.
Аңсап келсем күліп шығып алдымнан,
Ашылады Алматымның құшағы.

Сол қаланың сиып кетер кең елім,
Құшағына құмартып кеп енемін.
Келген сайын бір жақсылық сеземін,
Келген сайын бір жаңалық көремін.

Бірдей қамқор кәріге де, жасқа да,
Маған ыстық осы ескі астана.
Бар әлемге қазақтығын танытып,
Егемендік туын тіккен бас қала.

Аңғартқандай шын қазақы кеңдікті,
Тау жағалап алып жатқан ендікті,
Басқа емес осы қала мен үшін,
Бар қаланың ішіндегі ең мықты.

Аңсап келсем тартады алдан бар сыйды,
Көңіліме жырын сыйлап, ән құйды.
Әсем қала тыныс алар сәтінде,
Алатауға басын сүйеп қалғиды.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026