Айналайын атыңнан қазақ деген

Өмір туралы

Халқым саған не дейін? Не берейін? Аз болады-ау не беріп, не демейін. Бір орынды ортаңнан егелейін, Бауырыңда өсейін, кө...

Халқым саған не дейін?
Не берейін?
Аз болады-ау не беріп, не демейін.
Бір орынды ортаңнан егелейін,
Бауырыңда өсейін, көгерейін.

Не берейін?
Саған деп жыр өрейін.
Дән себейін,
Жеріңе гүл егейін.
Гүлің өссе сонымен бір өсейін,
Тілім өлсе сонымен бір өлейін.

Не берейін?
Берейін жүрегімді.
Саған қимай қайтемін бұл өмірді.
Сақтай көр деп есен-сау ұлы елімді,
Тілей берем Алладан тілегімді.

Не берейін?
Мен саған сөз берейін.
Сені сүйем, қалайша өзгерейін.
Асылымды арнайын тек өзіңе,
Өзге мақсат, мұратты көздемейін.

Не берейін?
Берейін бәрін саған,
Барым – саған.
Садаға жаным саған.
Мен жоғалсам түк емес,
Сен жасай бер,
Ғасырлардан тек өзің табылшы аман.

Мың сынақтан өтіп ең азаппенен,
Кезің келді тәуелсіз, азат деген.
Құрбандығың болайын сенің, халқым,
Айналайын атыңнан қазақ деген!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026