Алатауда алмаңыз бар

Отан туралы

Алатауда алмаңыз бар, Алма баққа барған із бар. Алма терген ару қыздар, Армаңыздар, талмаңыздар. Алматыда Алма қыз бар,...

Алатауда алмаңыз бар,
Алма баққа барған із бар.
Алма терген ару қыздар,
Армаңыздар, талмаңыздар.

Алматыда Алма қыз бар,
Өкпелетіп алмаңыздар.
Алма жүзі арбап алар,
Алма қыздан қалды аңыздар.

Алма баққа бармаңыздар,
Аруға көз салмаңыздар.
Алма баққа бара қалсаң,
Ең асылын таңдаңыздар.

Бекер күйіп, жанбаңыздар,
Бекер естен танбаңыздар.
Таңдаңыздар, талғаңыздар,
Үмітке үміт жалғаңыздар.

Құмартудан қанбаңыздар,
Жүрек жырын арнаңыздар.
Алма терген ару қыздан,
Арманда бос қалмаңыздар.

Асау жастық, аңдаңыздар,
Артта көктем, алда күз бар.
Өмір деген аққан өзен,
Өткен күннен қалған із бар,
Алатауда алмаңыз бар.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026