Айтып-айтпай не керек

Өмір туралы

Басым қатты, бабым кетті, Балғын бала шағым кетті. Жастық өтті, қарттық жетті, Тұмшалаған сағым кетті. Өрімтал ем, өңім...

Басым қатты, бабым кетті,
Балғын бала шағым кетті.
Жастық өтті, қарттық жетті,
Тұмшалаған сағым кетті.

Өрімтал ем, өңім кетті,
Өрім-өрім жеңім кетті.
Үмітім көп дегенменен,
Өмірге де сенім кетті.

Тас шайнаған тісім кетті,
Жау жайпаған күшім кетті.
Ірімін деп жүруші едім,
Ісім шала, ішім кетті.

Көпке ілесіп көшім кетті,
Елірумен есім кетті.
Еңбекте де есем кетті,
Өлеңде де өшім кетті.

Жылжып талай жылым кетті,
Бұғып іште сырым кетті.
Қу тірлікті қуалаумен,
Құр бекерге құным кетті.

Тіл ұшында сөзім кетті,
Аптығумен төзім кетті.
Айтып-айтпай керегі не,
Ақиқатқа көзім жетті.

Алар жерде ақым кетті,
Айтылмаған датым кетті.
Өткінші өмір екеніне,
Ақыры анық ақыл жетті.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026