Айтқан сөзі дуалы

Өзім туралы

Шерхан Мұртазаға Туған жері Жуалы, Айтқан сөзі дуалы. Талай жанды жылытқан, Жүрегінің шуағы. Биік бағы, бағасы, Батыр ...

Шерхан Мұртазаға

Туған жері Жуалы,
Айтқан сөзі дуалы.
Талай жанды жылытқан,
Жүрегінің шуағы.

Биік бағы, бағасы,
Батыр елдің баласы.
Бауыржанның інісі,
Бақытжанның ағасы.

Мініп даңқ тағына,
Жеткен кемел шағына.
Ерте тойып есейген,
Интернаттың нанына.

Шыңның шымыр емені,
Қара сөздің шебері.
Нысанаға дәл атқан,
Толғап «Қызыл жебені».

Өтіп өмір тезінен,
Көпті көрген көзімен.
Мына «Бір кем дүниені»,
Дүбірлеткен сөзімен.

Тіл үшін де алысқан,
Діл үшін де алысқан,
Жер үшін де алысқан,
Ел үшін де алысқан,
Сексенінде Шерағам,
Танбаған сол шабыстан.

Дүние қуған пенде емес,
Атағыңа кенде емес.
«Жазушысы халықтың»,
Артық та емес, кем де емес.

Том-том кітап еңбегі,
Сыңғырлайды ордені.
Құр бекерге берілмес,
Құрметті орын төрдегі.

Ұстаздықта жоқ теңі,
Шәкірттері көп тегі.
Сан мықтыны шығарған,
«Шерағаңның шекпені».

Алты қарыс азуы,
Тасқа басқан жазуы.
Қайтпасын, Шераға,
Қаламыңның қажыры.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өзім туралы
Күні 31.05.2026