Адам

Өмір туралы

Адам, адам, жұмбақсың сен шынында, Бар сырыңды аша алмаған ғылым да. Өз қолыңмен құбылмалы заманның, Бірі кетіп, бірі шы...

Адам, адам, жұмбақсың сен шынында,
Бар сырыңды аша алмаған ғылым да.
Өз қолыңмен құбылмалы заманның,
Бірі кетіп, бірі шығар тұғырға.

Өмір бойы әділетті аңсаған,
Шынын айтсам түсінбедім мен саған.
Кезің сірә болар ма екен бұл сенің,
Айтысудан, тартысудан шаршаған?

Шекара бар шығыс пенен батыста,
Шытынап кіл бейім тұрмыз шатысқа.
Талай адам майып болды тартыста,
Талай адам өліп жатыр атыста.
Күннен күнге қажеті артып ақшаң да,
Соны ойлайсың тұрсаң да сен жатсаң да.
Ақша табу шарты мына тірліктің,
Ақыл түгіл арыңды бұл сатсаң да.

Асыл-асыл қасиеттің бәрі ізгі,
Түгелімен ұмыт болған тәрізді.
Өтемей ел өтелетін қарызды,
Ұмытамыз ұмтылмайтын парызды.

Шүберекке түюлі бұл жаның да,
Жалғыз ғана байлық жүрер бабында.
Құдірет те күштілердің қолында,
Әділет те әлділердің жағында.

Бәрінен де жаныңа шын батары,
Басқа түгіл бүйрегін де сатады.
Құлап қалсаң сүйеуді де қойды жұрт,
Қапталыңнан күліп өтіп жатады.

Күннен күнге құлдырауда құның да,
Бағаң, адам, төмендеп тұр шынында.
Осы ғана менің қайғы, мұңым да,
Бір сұрауы болар ма екен мұның да?!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026