Абай және біз

Ұлттық құндылықтар

Япыр-ау, бөсіп кеттік қалай-қалай?! Аптығып сөйлейміз-ау абайламай. Боламыз Абайға да ақыл айтпақ, Әйтпесе, біз қалаймыз...

Япыр-ау, бөсіп кеттік қалай-қалай?!
Аптығып сөйлейміз-ау абайламай.
Боламыз Абайға да ақыл айтпақ,
Әйтпесе, біз қалаймыз, Абай қалай?

Айрықша Абай ақын, Абай ақын,
Абай болмақ болады талай ақын.
Абайдың қолына су құя алмай-ақ,
Ақындықтың жамылдық қалай атын?

Абай ақын-арлы ақын, арынды ақын,
Ардың сөзін айтады жалынды ақын.
Абайыңнан мықтымын деп көкімес,
Абайлайтын өз жөнін дарынды ақын.

Сөз асылы, жыр кені Абай ақын,
Абай атын қор қылды-ау талай ақын.
Абайымды менсінбей аспанға үрген,
Талай ақын болып жүр қалай ақын?

Абай ақын танытқан парасатын,
Мен биікпін дей берер аласа ақын.
Өлең сөздің патшасы-Абай ғана,
Алтын таққа ақымақ таласатын.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ұлттық құндылықтар
Күні 31.05.2026