Желтоқсан алаңы

Отан туралы

Алматыда бір алаң бар қан көрген, Одан кейін тәуелсіздік таң келген. Ел басына сын сағаты туғанда, Жастар онда жан алысы...

Алматыда бір алаң бар қан көрген,
Одан кейін тәуелсіздік таң келген.
Ел басына сын сағаты туғанда,
Жастар онда жан алысып, жан берген.

Мұнда талай мықты келген, нән келген,
Сол күні тек дүлей дауыл, шаң көрген.
Қасиетті Республика алаңы,
Сол кездегі астанаға сән берген.

Ер қазақты мүсәпірге тән көрген,
Ел билеуге есепте жоқ жан келген.
Сонау жылы он алтыншы желтоқсан,
Нар қазақтың намысына нәр берген.

Қазақ рас патша көрген, хан көрген,
Хан алдында қаймығуды ар көрген.
Қорлығына көнбек түгіл басқаның,
Керек десең кең даланы тар көрген.

Қазақ рас, мұң да көрген, зар көрген,
Қилы кезде зындан көрген, дар көрген.
Бодандықтан бостандыққа ұмтылу,
Қазақ деген атымызға дәл келген.

Жақсыларға жая менен жал берген,
Қонағына су сұраса бал берген.
Біздің қазақ сыйластықты ұнатқан,
Сыйласқанға атан алып, нар берген.

Біздің қазақ қол бергенге, жол берген,
Бақа басын сом алтынға теңгерген.
Бүгілгенге иілуді оң көрген,
Шіренгенге шалқаюды жөн көрген.

Өзін ер деп, өзгелерді шер көрген,
Біздің қазақ қонағына төр берген.
Өр кеудесін бастырмаған бірақта,
Терезесін кіммен болсын тең көрген.

Далалыққа дала заңы дәл келген,
Ақ батасын қадірменді – шал берген.
Жас ұланы басын тігіп ел үшін,
Аталардың өсиетін заң көрген.

Майдан барып, қарыс жер деп қан берген,
Тың көтеріп, ашыққанға нан берген.
Біздің қазақ мінезімен танылған,
Ана тілге, ата салтқа мән берген.

Жалғыз ғана Жаратқанын жар көрген,
Әділеттің жолын жарық шам көрген.
Пейілі кең, құшағы ашық, ер халық,
Біздің қазақ кемсіткенді жау көрген.

Кемсітудің түр-түрін де сан көрген,
Күресуді шын ерлікке тән көрген.
Соның үшін желтоқсанда сонау жыл,
Қайран қазақ, қанға бөккен қар көрген.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 30.05.2026