Тілек

Өзім туралы

Жаратқан қарт Жамбылдың жасын берсе, Пендеңіз аман-есен ғасыр көрсе. Паһ, шіркін, ақындарда арман бар ма, Бір жыры бір ж...

Жаратқан қарт Жамбылдың жасын берсе,
Пендеңіз аман-есен ғасыр көрсе.
Паһ, шіркін, ақындарда арман бар ма,
Бір жыры бір жырынан басым келсе?

Жаратқан Жамбыл бабам жолын берсе,
Өр шабыт жиі келіп қолын берсе.
Ардақтап ақынға ел төрін берсе,
Өлеңім сан ғасырлар өмір көрсе.

Жаратқан жыр Жамбылдың сөзін берсе,
Терең ой,
Жанған оттай сезім берсе.
Ескерткіш қойса қағаз-қаламыма,
Тік жүріп соның бәрін көзім көрсе.

Жаратқан ақын Жамбыл бағын берсе,
Шалқыған шабыттың да бабын берсе.
Биліктен, патшалықтан баз кешер ем,
Басқа емес, жырдың биік тағын берсе.

Жаратқан дана Жамбыл даңқын берсе,
Қызығын сөздерімнің халқым көрсе.
Жетеді жүрсе өлеңім ел аузында,
Алмас ем үйіп-төгіп алтын берсе.

Жаратқан Жамбылдай шын дарын берсе,
Ар берсе,
Арын берсе,
Жалын берсе.
Керемет бір-ақ жырдың бағасына,
Алмас ем дүниенің бәрін берсе.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өзім туралы
Күні 30.05.2026