Шықпаған шыбын жаны бар

Өмір туралы

Сағына –сағына, Өртіне жырдың маздаған, Жаңыла- жаңыла, Адасып кете жаздаған. Түйсіне – түйсіне, Түйсігін елге жеткізге...

Сағына –сағына,
Өртіне жырдың маздаған,
Жаңыла- жаңыла,
Адасып кете жаздаған.

Түйсіне – түйсіне,
Түйсігін елге жеткізген,
Күрсіне – күрсіне,
Күңірене күндер өткізген.

Жарыса – жарыса,
Жүйріктігін де танытқан,
Алыса- алыса,
Айқастан ақыр жалыққан.

Күркірей - күркірей,
Қарлығып қалған құр үні,
Сілкілей-сілкілей,
Сөзінің шыққан сіңірі.

Түңіле-түңіле,
Түк шара таппай бірақта,
Жүгіре – жүгіре,
Жетсем деп жүрген мұратқа.

Күштене – күштене,
Күштіге бекер кіжінген,
Тістене – тістене,
Тістері түгел мүжілген.

Сырқырай – сырқырай,
Жүректе сызат дағы бар,
Шырқырай – шырқырай,
Шықпаған шыбын жаны бар.

Ойлана – ойлана,
Ойқастатқанмен жыр атын,
Қинала – қинала,
Өмір сүріп жүр бір ақын.

***

Мен ешкім де емеспін,
Ешкім емен.
Еткеніммен күндізді, кешті де өлең.
Мына жұрттың көбісі соларымды,
Көрмеген, оқымаған, естімеген.

Ақын дер ем өзімді,
Ақын емен.
Жатпаған соң оқылып ақыры өлең,
Жарытпаса естіліп сөз ешкімге,
Ақынмын деп айтуға ақылы емен.

Ешкім емен,
Ешкімге міндетім жоқ.
«Жұлдызбын» деп ауырған індетім жоқ.
Шалқып-шалқып алам тек шабыт келсе,
Бірде түн боп,
Шығамын бірде күн боп.

Мені қойшы,
Әйтеуір бір адаммын.
Жырмен бірге күлгенім, жылағанмын.
Мейлі ақын болармын, болмаспын мен,
Адамзатқа амандық сұрағанмын.

Мені қойшы,
Белгілі қайтіп жүрмін.
Көп жүлдеден құрқол да қайтып жүрмін.
Шын сүйемін халқымды, Отанымды,
Соны ғана өзімше айтып жүрмін.

Ақын емен,
Бәрібір жыр жазамын,
Жүрегімнің кенінен сыр қазамын.
Айтқанымды түсінер түп-түбінде,
Бір қазағым болмаса бір қазағым.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026