Қолыма қағазды бер қаламменен

Өзім туралы

Қолыма қағазды бер қаламменен, Сыйлығың осы болсын маған деген. Айтайын халқыма бар сезгенімді, Жүрекке от берейін жанам...

Қолыма қағазды бер қаламменен,
Сыйлығың осы болсын маған деген.
Айтайын халқыма бар сезгенімді,
Жүрекке от берейін жанам деген.

Қолыма қаламды бер қағазбенен,
Жалған ол жырды жалаң уағаз деген.
Мен үшін бес парыздың бәрі де өлең,
Мен үшін ораза да, намаз да өлең.

Ойымды бос қой менің тілімменен,
Жыр үшін жаралғанмын түбінде мен.
Мен үшін түнім де өлең, күнім де өлең,
Мен үшін білім де өлең, ғылым да өлең.

Біліп қой таянышым неде менің,
Тірлікте тірегім де тек өлеңім.
Қолымнан қағазды алсаң қаламменен,
Ойымнан өлеңді алсаң мен өлемін.

Шынында тілді қалай тия аламын,
Жарықтық жырды қалай қия аламын?
Айырылсам тірі жүріп Ләйлім жырдан,
Дүниеге сонда қалай сия аламын?!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өзім туралы
Күні 31.05.2026