Нар

Өмір туралы

Тәйірі-ай, нармысың сен? Нармысың сен? Әлі де құм ішінде бармысың сен? Бұл атом ғасырында жасап жүрсің, Бақытты ма ең, б...

Тәйірі-ай, нармысың сен?
Нармысың сен?
Әлі де құм ішінде бармысың сен?
Бұл атом ғасырында жасап жүрсің,
Бақытты ма ең, болмаса зармысың сен?

Кез қайда «Нар жолында жүк қалмаған»,
Ол сөздің мәнінен де түк қалмаған.
Бүгінде керуен-керуен вагон тіркер,
Бұл сенің қадіріңді ұққан ба адам.

Жүк тиеп машинаға нарды ұмытқан,
Халықпыз қолымызда барды ұмытқан.
Ақ бура әруақты көбік шашқан,
Шығушы ең жұқармай-ақ мәңгі жұттан.

Кезінде көздің құрты байлық едің,
Келелеп кереметтей жайды елің.

Боздаған боталардың даусынан,
Сеземін әлдеқандай қайғы лебін.

Бір күні қалып жалғыз белгі-елесі,
Шын құрып кетерсің бе «шөл кемесі»?
Сыздықтап сыра жұтқан сырбаздардың,
Анық қой шұбатқа бұл шөлдемесі.

О, менің Қаранарым!
Қаранарым!
Мекендер қазақтың кең далаларын.
Қандай ед аталарың, бабаларың?
Азайып бара жатыр, күннен-күнге,
Артыңда боталарың-балаларың,
Сол еді алаңдатқан, Қаранарым.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026