Бүгінде ел көбейді күндейтұғын,

Өмір туралы

Бүгінде ел көбейді күндейтұғын, Бағасын айтқан сөздің білмейтұғын. Жарқылдап жыр оқысам алдарыңда, Пенде көп «Осыбіреу к...

Бүгінде ел көбейді күндейтұғын,
Бағасын айтқан сөздің білмейтұғын.
Жарқылдап жыр оқысам алдарыңда,
Пенде көп «Осыбіреу кім» дейтұғын.

Шаруам болмаса да өздерімен,
Сыз сезем күңкіл-күңкіл сөздерінен.
«Осыған не жоқ» деген ойларын да,
Айтпай-ақ оқып тұрам көздерінен.

Бір жан ем жақсылыққа жаны ғашық,
Жыр жазсам өзім жаздым арып-ашып.
Пиғылын күншілдердің көргенімде,
Тұрамын өзін аяп, жаным ашып.

Жақсы жыр Алла маған несібе етті,
Көбінің қызғаныштан есі кетті.
Ешкімнің алғаным жоқ аузынан сөз,
Білмеймін дәл солардың несі кетті?

Күндеуін қоймаған соң жұрттың бәрі,
Жырымды отқа жақтым жыртымдағы.
Құрсыншы, мен-ақ ақын болмай қоям,
Сонымен тынар болса қырттың жаны.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026