Асыл адам

Ата-аналар

Жанарынан нұр шуақ шашыраған, Жақсылыққа жаны шын ғашық адам. Ақ сүт беріп, аялап, асыраған, Асыл адам өзіңсің асыл анам...

Жанарынан нұр шуақ шашыраған,
Жақсылыққа жаны шын ғашық адам.
Ақ сүт беріп, аялап, асыраған,
Асыл адам өзіңсің асыл анам.

Болмасын деп балаңды жасық адам,
Бауырыңа өсірдің басып анам.
Игіліктің барлығын сыйлағансың,
Иіледі алдыңда басым әман.

Өзенінде өмірдің асыға ағам,
Аяғыма білмей от басып алам.
Ақтай алмай жүрмін бе үмітіңді,
Аппақ қырау түсіпті-ау шашыңа анам?!

Жабырқаймын, пендемін жасып алам,
Көзімдегі моншақты шашып алам.
Мойығанда мұң шағар сен болмасаң,
Мойынына мен кімнің асыла алам?

Жасымаған, орынсыз тасымаған,
Өте алмайтын өзінен асып адам.
Өмірдегі өзгеше асыл адам,
Асыл анам, жасай бер ғасыр аман.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ата-аналар
Күні 30.05.2026