Әке әлдиі

Бала-шаға туралы

Күлсең қайғым қалмаған, Сүйсем мейірім қанбаған, Жан жүйемді иіткен, Айтсам адам нанбаған, Айналайын, жан балам! Желкіл...

Күлсең қайғым қалмаған,
Сүйсем мейірім қанбаған,
Жан жүйемді иіткен,
Айтсам адам нанбаған,
Айналайын, жан балам!

Желкілдетіп тұлымын,
Құлдыраған құлыным,
Балы тамған тілінің,
Нұры тамған жүзінің,
Айналайын, жан балам!

Ұлғайғанда байқалған,
Жастығымды қайтарған,
Жас шыбығым шайқалған,
Жапырағым жайқалған,
Айналайын, жан балам!

Шын берекем, ырысым,
Жауға жұмсар қылышым,
Торыққанда демеушім,
Шаршағанда тынысым,
Айналайын, жан балам!

Топқа қосар тұлпарым,
Көкке самғар сұңқарым,
Қуанышым, шаттығым,
Сағынышым, іңкарым,
Айналайын, жан балам!

Таянышым, қорғаным,
Жасыл бағым, орманым,
Бар қуатым, дәрменім,
Бар үмітім, арманым,
Айналайын, жан балам!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Бала-шаға туралы
Күні 31.05.2026